Ынтымақтастық аясында NVIDIA Hyperion платформасы мен NVIDIA Halos қауіпсіздік жүйесін пайдалана отырып, Pony.ai роботаксилерін inDrive платформасында іске қосу жол картасын әзірлеу жоспарлануда.

Алматы, Қазақстан – 2026 жылғы 23 қазан. inDrive жаһандық мобильділік және курьерлік жеткізу платформасы NVIDIA және автономды көлік жүргізу технологияларын ауқымды коммерцияландыру саласындағы әлемдік көшбасшы Pony.ai компанияларымен өзара ынтымақтастық меморандумына (MoU) қол қойғанын жариялады. Компаниялар автономды жолаушылар тасымалын дамыту мүмкіндіктерін бірге зерттеуді жоспарлап отыр. Бірлескен жобаның алғашқы нарығы Қазақстан болып, роботаксиді іске қосу алаңы ретінде Астана қаласы таңдалды.

Қазақстан бұл бағыттағы реттеуші базаның дайын болуына байланысты таңдалды. «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында елде жүргізушісіз көлікті енгізуге қажет нормативтік-құқықтық база қалыптастырылған. Сонымен қатар Қазақстан – экономикасы тұрғыдан Орталық Азиядағы жетекші елдердің бірі. Мұның барлығы компанияларға автономды жолаушылар тасымалын іс жүзінде бағалауға мүмкіндік береді.

Меморандум аясында компаниялар Қазақстанда 4-деңгейдегі автономдылыққа ие көліктермен (бекітілген географиялық аймақтар шегінде толық автономды қозғалыс) жолаушыларға inDrive қосымшасы арқылы қызмет көрсетуге қатысты операциялық, технологиялық және нормативтік-құқықтық тұстарды зерттейді.

Pony.ai компаниясы жетінші буындағы (Gen-7) роботаксилерді ұсынады, inDrive сапарларға тапсырыс беру платформасының жұмысын және сервисті ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, ал NVIDIA жобаны өзінің жасанды интеллект инфрақұрылымымен қолдайды.

NVIDIA Hyperion – бұл 4-деңгейдегі автономдылыққа ие автомобильдер мен роботаксилерге арналған сенсорлық және есептеу платформасы. NVIDIA-ның роботаксилерге арналған платформасы NVIDIA Hyperion, Alpamayo технологиялық стегі (жасанды интеллект негізіндегі жүргізу бағдарламасы) және NVIDIA Halos кешенді қауіпсіздік жүйесін біріктіреді. Бұл шешім жүйе архитектурасының барлық деңгейін қамтиды және қауіпсіз, коммерциялық пайдалануға дайын автономды технологияларды әзірлеу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.

inDrive және Pony.ai компаниялары Pony.ai-дың соңғы буындағы Gen-7 автомобильдерін пайдаланып, Астанада роботакси қызметін іске қосуды жоспарлап отыр. Pony.ai компаниясының 4-деңгейдегі автономды жүргізу технологиясы Қытайдың ірі қалаларында толық жүргізушісіз коммерциялық тасымал кезінде сынақтан өткен. Сондай-ақ, технология Еуропада, Таяу Шығыста және Азияда нақты пайдалану жағдайларында қолданылып келеді.

Gen-7 роботаксилері әртүрлі сенсорлардан алынған деректерді біріктіру және жүйе деңгейінде ақпараттың резервтік көшірмесін қамтамасыз ету технологияларымен жабдықталған. Бұл жекелеген компоненттер істен шыққан жағдайда да жүйенің жұмысын жалғастыруына мүмкіндік береді. Нәтижесінде көліктердің қауіпсіз әрі сенімді пайдаланылуы қамтамасыз етіледі. Жобаны іске қосу Қазақстан Үкіметімен тиісті келісімдер жасалғаннан кейін жүзеге асырылуы мүмкін.

Астана Орталық Азиядағы ең жылдам дамып келе жатқан астаналардың бірі ретінде автономды жолаушылар тасымалын дамытудың мүмкіндігі мол қала саналады. Мегаполис халқы шамамен 1,7 миллион адамды құрайды, ал қалалық көлік қызметтеріне деген сұраныс артып келеді. Бұл роботаксиді қолданыстағы көлік қызметтеріне қосымша ретінде енгізуге және тұрғындардың қозғалыс мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасайды.

Астанада іске қосылғаннан кейін компаниялар inDrive, Pony.ai және NVIDIA роботакси қызметін Қазақстанның басқа қалаларына және inDrive жұмыс істейтін басқа елдерге тарату мүмкіндігін қарастырады.

“Пилотсыз көлікті дамыту – Қазақстанның цифрлық трансформациясының перспективалы бағыттарының бірі. Бүгінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Астана қаласында пилотсыз такси жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған жобаға inDrive, Pony.ai және NVIDIA сияқты жетекші халықаралық технологиялық компаниялар қосылып отыр. 

Басты міндет – жаңа технологияларды қалалық көлік жүйесіне қауіпсіз әрі кезең-кезеңімен енгізу үшін қажетті жағдайлар жасау. Бұл ретте жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, автономды басқару жүйелерінің сенімділігіне, сондай-ақ технологияларды Қазақстанның жол және климаттық жағдайларына бейімдеуге ерекше назар аударылады”, – деді Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.

«Жүргізушісіз автомобильдер қала ішіндегі сапарларды қолжетімді әрі ыңғайлы ете алады. NVIDIA және Pony.ai компанияларымен бірге біз бұл технологияның Қазақстан жолдарында қалай жұмыс істейтінін және жолаушылар мен жүргізушілерге қандай мүмкіндіктер ұсынатынын зерттегіміз келеді. Қазақстан Үкіметі пилотсыз көлікті дамыту үшін заманауи нормативтік және технологиялық базаны қалыптастырып жатыр. Біздің тәжірибеміз осындай шешімдерді басқа елдерде де енгізуге көмектесе алады. Оның үстіне Астана – әлемдегі ең суық астаналардың ішінде екінші орында тұр. Мұнда қыс ұзаққа созылып, қар қалың жауады. Осындай жағдайда роботаксилерді сынақтан өткізу – күрделі міндет. Егер автономды көліктер Астананың қысқы жағдайында сенімді жұмыс істей алса, бұл олардың мүмкіндігін жан-жақты тексеруге және технологияны климаты қатал басқа өңірлерде қолдануға дайындауға мүмкіндік береді», – деп пікір білдірді inDrive компаниясының негізін қалаушы әрі СЕО бас директоры Арсен Томский.

«Қазақстан Орталық Азиядағы біз үшін жаңа нарықта жүргізушісіз көлікті енгізуге қызықты мүмкіндіктер ашып отыр. Қытайда толық автономды роботакси қызметін ауқымды түрде дамыту және халықаралық нарықтарға шығу тәжірибемізге сүйене отырып, inDrive және NVIDIA компанияларымен бірге технологиямызды жергілікті жағдайларға қалай бейімдеуге болатынын зерттеуді жоспарлап отырмыз. Бұл ынтымақтастық – автономды мобильділікті бүкіл әлем бойынша неғұрлым көп адамға қолжетімді ету мақсатымызға жету жолындағы тағы бір қадам», – дейді Pony.ai компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры доктор Джеймс Пэн.


«Пилостсыз таксилерді адамдардың көбіне қолжетімді ету үшін нақты жол қозғалысының күрделі жағдайларына бейімделе алатын жасанды интеллект технологиялары қажет. Бұл ретте сапар қауіпсіздігі басты басымдық болып қала береді. inDrive мен Pony.ai NVIDIA Hyperion және NVIDIA Halos қауіпсіздік жүйесінің көмегімен автономды жүргізу технологияларын миллиондаған жолаушыны байланыстыратын платформамен біріктіре отырып, Қазақстанда ауқымын кеңейтуге болатын роботакси қызметін құру мүмкіндіктерін зерттей алады», – дейді NVIDIA компаниясының автомобиль технологиялары жөніндегі вице-президенті Риши Дхалл.

Ынтымақтастық Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі іске асырып жатқан пилотсыз таксиді енгізу жөніндегі пилоттық жоба аясында жүзеге асырылады.

inDrive компаниясы туралы

inDrive – көлік және курьерлік қызметтерді ұсынатын жаһандық платформа. inDrive қосымшасы 400 миллионнан астам рет жүктелген. Қосымша сапарларға тапсырыс беру санатында жүктеулер саны бойынша төрт жыл қатарынан әлемде екінші орында тұр.

inDrive қала ішіндегі сапарлардан бөлек қалааралық тасымал, жүк тасымалы, курьерлік жеткізу және қаржылық қызметтерді ұсынады. 2023 жылы компания New Ventures атты венчурлік бөлімшесін іске қосты.

inDrive әлемнің 47 еліндегі 1200-ден астам қалада жұмыс істейді. Компания әділетсіздікпен күресу миссиясын басшылыққа ала отырып пайдаланушыларға көбірек таңдау мүмкіндігін беруге ұмтылады. Компания 2030 жылға дейін бір миллиард адамның өміріне оң ықпал етуді мақсат еткен.

Бұл мақсатқа компания өз қызметі арқылы (әділ баға белгілеу моделін ұсыну), жергілікті қауымдастықтарды қолдау және білім беру, спорт, мәдениет пен гендерлік теңдік салаларындағы әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізуді көздейді.

Қосымша ақпарат – www.inDrive.com сайтында

Pony AI Inc. компаниясы туралы

Pony AI Inc. – автономды мобильділікті коммерциялық мақсатта кең көлемде енгізу саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания нақты бір автомобиль өндірушісіне тәуелді емес Virtual Driver технологиясын пайдаланады. Бұл – Pony.ai компаниясының жеке бағдарламалық жасақтамасын, аппараттық шешімдерін және сервистерін біріктіретін кешенді автономды жүргізу жүйесі.

Pony.ai әртүрлі қажеттілікке арналған автомобильдерді жаппай өндіруге және қолданысқа енгізуге мүмкіндік беретін коммерциялық тұрғыдан тиімді әрі тұрақты бизнес-модель әзірлеуде.

2016 жылы құрылған компания Қытайдағы қызмет ауқымын кеңейтіп, Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және басқа нарықтарда да өз технологияларының кеңінен қолданылуына ықпал етіп келеді.

БАҚ өкілдерімен байланыс

inDrive: press@indriver.com

Pony.ai: media@pony.ai