2024 жылдың 29 қарашасында Индонезияның Джокьякарта қаласында өтетін Alternativa Film Awards халықаралық киножүлдесіне Қазақстаннан шыққан 13 фильм жүлде үшін күресіп, бақ сынайды.

Биылғы жылы жүлде қоры $100 000 құрайды. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында ең көп өтінім берген ел болды. Марапаттау рәсімі Индонезияның мәдени орталығы Джокьякарта қаласында өтеді.

Alternativa Film Awards by inDrive — түрлі елдердің киноиндустрия мамандарының танылуына және өзара тәжірибе алмасуына арналған халықаралық бастама. Ол қоғамға оң әлеуметтік өзгерістер әкеле алатын және кең аудиторияға бағытталған фильмдердің танылуына мүмкіндік береді.

Биыл байқауға қатысушылар саны жағынан рекорд орнады: 33 елден 1043 өтінім, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Оның ішінде 680 өтінім премия талаптарына сай деп танылды. Орталық Азиядан 21 фильм іріктеуден өтті: Қазақстаннан 13 фильм, Қырғызстаннан 6, Өзбекстан мен Тәжікстаннан бір-бірден.

Alternativa Film Awards іріктеу комитетінде киноиндустрия әлемінің түкпір-түкпірінен келген 24 сарапшы бар, олар қазан айының ортасында номинанттар тізімін ұсынады. Жеңімпаздарды Азия мен басқа аймақтардан келген режиссерлер мен продюсерлер, сондай-ақ қауымдастық көшбасшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін халықаралық қазылар алқасы таңдайды.

Alternativa Film Project басшысы Лиза Сурганова: «Біз премияның екінші жылында өтінімдердің осынша көп түскеніне өте қуаныштымыз. Бұл жобаға кино қауымдастығының, әсіресе Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиядан аса қызығушылық танытқанын көрсетеді. Биылғы марапаттау рәсімін фестивальдік көрсетілімдер толықтырады, бұл кинематографистер мен олардың фильмдерін көрермендерге жеткізуге және бәрімізді толғандыратын мәселелер бойынша қоғамдық пікірталастарды бастауға арналған», – деп атап өтті.

Фестиваль бағдарламасында 22-28 қараша аралығында номинант фильмдердің ашық көрсетілімдері, фильмдерде көтерілген өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша пікірталастар, сондай-ақ 27-28 қарашада өтетін кино мамандарына арналған кәсіби іс-шаралар сериясы бар.

Жүлде қоры $100 000 құрайды. Толықметражды фильмдер санатындағы төрт жеңімпаздың әрқайсысына $20 000, ал Shorts Award номинациясының екі жеңімпазына $10 000-дан беріледі. Қаржы фильмдердің импакт-кампанияларына немесе фильм шығарушылардың кәсіби дағдыларын дамытуға жұмсалуы мүмкін.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның байқауға белсенді қатысуы отандық кинематографияның әлеуметтік маңызы бар фильмдер өндіріп, халықаралық деңгейде маңызды қоғамдық мәселелерге назар аударта алатын әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Айта кетейік, өткен жылы Alternativa Film Awards халықаралық киножүлдесі Алматыда өткен болатын.